Қайрат Нұртас 25 жылдан кейін Бауыржан Исаевтың «Аяулым» әнін жаңғыртты

Жарияланды 29 Қаңтар 2026 16:14

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: скрин

Қазақ эстрадасындағы ең танымал әндердің бірі – «Аяулым» жаңа форматта тыңдарманға жол тартты. Бұл жолы әнді Бауыржан Исаев Қайрат Нұртаспен бірге орындап, туынды «Қызым» көркем фильміне саундтрек ретінде ұсынылды.

Классика және авторлар тарихы

«Аяулым» әнінің музыкасын Төлеген Мұхамеджанов, сөзін Шөмішбай Сариев жазған. Туынды алғаш рет 2001 жылы Бауыржан Исаевтың орындауында кеңінен танылып, қазақ эстрадасындағы шынайы классикаға айналды.

Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, ән тыңдарман жүрегінен өшкен жоқ. Сондықтан оның қайта орындалуы қоғамда түрлі пікір тудырды.

Тыңдарман пікірі: екіұдай көзқарас

Жаңа нұсқа жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желіде қызу талқылана бастады. Бірі Қайрат Нұртастың орындауын жоғары бағаласа, енді бірі түпнұсқаның деңгейіне ешкім жете алмайтынын алға тартты.

Желі қолданушылары:

«Бауыржан ағамыздың орындауы – классика ғой» «Қайрекең бұл әнге жаңа дем бергендей», «Бауыржан Исаевтың орындауына бәрібір ешкім жете алмайды», «Өзінің бір-ақ өлеңі бар еді, соны да алып алыпты ғой» сынды пікірлер қалдырды.

«Қызым» фильміне саундтрек

Жаңа нұсқа «Қызым» фильміне арнайы саундтрек ретінде жазылған. Фильм 29 қаңтардан бастап кинотеатрларға шықты.

Еске сала кетейік, бұған дейін әнші Жігер Ауыпбаевтың өзінен 15 жас кіші сүйіктісіне ән «Кішкентай қыз» атты ән мен бейнебаян шығарғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз