Жаңалықтар

Қазақстан Халық кеңесінің құрамына кімдер кіреді

фото: Конституциялық реформа 2026 телеграм арнасынан

Бүгін Астанада Конституциялық комиссияның бесінші отырысы өтті. Депутат Сергей Пономарев Қазақстан Халық кеңесінің құрамы және өкілеттігі жайлы баяндады.

Ұсынылып отырған жаңа редакцияға сәйкес, Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган деп есептеледі. Оның құрылу тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру жеке конституциялық заңмен айқындалатын болады.

Пономаревтің айтуынша, Халықтық кеңестің құрамына еліміздегі этностардың 42 өкілі, қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілі және өңірлердегі мәслихаттардың 42 өкілі кіреді. Бұл жергілікті жерлердегі жағдайды ескеруге мүмкіндік береді.

Халықтық кеңестің өкілеттіктері 71-бапта көрсетілген:

  • мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;
  • қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу;
  • Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету;
  • Құрылтайға заң жобаларын енгізу;
  • республикалық референдум тағайындауға бастамашылық жасау.

Айта кетейік, Қазақстан Халық кеңесін құруды Ұлттық Құрылтайда Тоқаев ұсынған еді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктірмек.