Қытайлар Түркістанда салатын ең үлкен аквапарк аумағы 12 гектардан асады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
аквапарк Түркістан халасы
Жасанды интеллект көмегімен дайындалған сурет / бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қытай компаниясы Түркістан қаласында аумағы 12 гектардан асатын ең үлкен аквапарк салуды көздеп отыр. Ол елдің басқа да өңірлерінің тұрғындары ғана емес, шетел туристері үшін де тартымды демалыс орнына айналуы мүмкін. Бұл туралы Kursiv.Media облыс әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Ауқымды жобаны Qingdao Wanlin қытай компаниясы ұсынған. 29 қаңтарда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров компания басшысы Яньтао Лимен тағы да кездесті. Олар қалада қалада ірі демалыс кешенін іске асыру жоспарын талқылады.

«Жобаға сәйкес, аквапарк кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Мұнда су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы мен банкет залы орналаспақ. Кешен отбасылық демалыс пен туризмді дамытуға бағытталған», – деп таратты облыс әкімдігі.

Мәліметтерге қарағанда, аквапарктың басты ерекшелігі – маусымға бейімделетін аттракциондар. Мұндағы су айдыны жазда шомылуға пайдаланылып, суық мезгілде картинг жолына айналады.

«Бұл кешеннің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Келушілер үшін биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракцион, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және интерактивті ойын аймақтары қарастырылмақ».

Өңір басшылығы осы жобаны жүзеге асыру арқылы шетел туристерін де көптеп тартуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Kursiv.Media қытай инвесторлары Орталық Азиядағы ең ірі аквапаркті Түркістанда салғысы келетінін жыл басында жазған. Сол кезде қытай топ-менеджері «инвесторларға қолайлы мүмкіндік жасаған» облыс әкімдігіне алғыс айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз