Жаңалықтар

Тоқаев заңсыз табысты заңдастыруға қарсы бақылауды күшейтті

Үш агенттіктің қызметі кеңейді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірқатар жарлыққа өзгеріс енгізді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлайды.

Жарлыққа сәйкес Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Қаржылық мониторинг агенттігінің функциялары кеңейтіліп, нақтыланды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарының сақталуына бақылау және қадағалау жөніндегі өкілеттіктері нақтыланған.

Агенттіктің бақылау аясына Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі, бейрезидент банктер мен сақтандыру ұйымдарының филиалдары, бейрезидент сақтандыру брокерлері, сондай-ақ ұлттық пошта операторы енгізілді.

Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің функцияларына да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, агенттікке тауар биржаларының, тауар биржаларында қызмет атқаратын және биржалық тауарлармен мәміле жасайтын биржалық брокерлердің, сондай-ақ тауар биржаларының клирингтік орталықтарының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарын сақтауына бақылау жасау міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек, агенттікке қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органмен келісу арқылы тауар биржалары, биржалық брокерлер және клирингтік орталықтар үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту функциясы берілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеге де бірқатар өзгерістер енгізілді. Агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қатысы бар деп күдік туындаған жағдайда, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлға құрмай әрекет ететін шетелдік құрылымдар туралы ақпаратты құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жолдайды әрі бұл жөнінде Бас прокуратураны хабардар етеді.

Бұған дейін президент Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізіп, капиталдың сыртқа заңсыз кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіретінін айтқан.