Жандарбек пен Сырым коуч пен молдаға тоқтау айтты

Жарияланды 29 Қаңтар 2026 11:16

Торғын Қабен

Торғын Қабен

жандарбек сырым
Фото: Видео кадры

Бірнеше күннен бері желіде талқыланып жатқан онлайн аламан-айтыс қыза түсті. Жас айтыскерлер – Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан бір жақ болып, тәжірибелі суырыпсалма ақындар – Балғынбек Имаш пен Айнұр Тұрсынбаева қарсыласқан еді. Ыстанбұлдан арнайы келіп, інілеріне арнау жолдаған Айнұрға ЖанСырымның да жауабы дайын болып шықты.  

Балғынбекке жақтасқан Айнұр Жандарбек пен Сырымды басып жаншуға дайын келгенін атап өткен. Араға көп уақыт салмай жастар тарапынан да тұщымды жауап келе қалды. Олар «Қайран, жеңгем» әніне салып, Тұрсынбаеваның біраз кәсібін шолып шығып, «Фионаға қосылған Шрек құсап, рэпер молда қасыңа қайдан келген» деп Балғынбек ағасына «еркелеп», сөзбен түйреді.

Одан соң «Ақбұлақ» әніне келтіріп, «Ән айтқызып біздерге, зауыт ашып жатасың. Жансырыммен жаулассаң, шайды қалай сатасың?» деп «қорқытып» қойды.

Ал Айнұрдың «Жандарбек тұрмақ әкесінің әкесін танытқанмын» деген сөзіне Жандарбек «әкем кеппесін деп сәлем айтты» деп жауап қатты.

Сөз соңында ИК тобының «5к» әнімен «Не керек сізге? Айтыс па, рэп пе? Шықтың ғой рекке. Дядька, тоқта» деп домбыраны күмбірлете тартып, жауап жолдады. 

Оқырманға бұл формат қатты ұнап жатқаны сонша, «туууй, арты Республика сарайында ұлан-ғасыр айтысқа ұласса екен. Айтысты сағындық» деп жатыр.

Тұрсынбаеваның өзі болса, «Жандарбегі шок алып, мұрындарынан боқ ағып, қоятын түрі жоқ тіпті, жастары кіші боп алып. Көптен шықпай айтысқа, кетіп едім жоғалып. Сахнаға қайта оралып, балдарды дома, кома ғып, жіберсем бе екен, не істейін, не дейсіңдер, о, халық?!» деп пікір қалдырды.

Айтыскердің осы пікірінің өзіне 200-ге жуық кері жауап жазылып, Айнұрдың айтысқа оралуын сұрады. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін онлайн-айтыстың жаңа форматы көптің көңілінен шығып жатқаны туралы және жастарға Тұрсынбаеваның жауап бергені туралы жазған едік.  

Сондай-ақ оқыңыз