Жаңаөзенде жас дәрігер кісі қолынан қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
қылмыс кісі өлтіру пышақтау
фото: shutterstock

28 қаңтарда Жаңаөзен қаласында 29 жастағы ер азамат кісі қолынан қаза тапты. Полиция қайғылы оқиға туралы мәліметті растады. Әлеуметтік желілерде марқұмның дәрігер болып істегені сөз болды.

Мәліметтерге қарағанда, оқиға сәрсенбі күні түскі сағат екі шамасында болған. Күдікті терапевт дәрігерге пышақпен шабуылдаған. Әріптестері оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, жәбірленуші ауруханада жан тапсырды.

Маңғыстау облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде сөз болған оқиғаны растады. Полиция мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Құзырлы мекемедегілер дәрігер қазасын оның кәсіби қызметімен байланыстырмады.

«Ер азаматтар арасындағы жанжал тұрмыстағы даудан туғаны анықталды. Қайғылы оқиғадан соң күдікті Жаңаөзен қаласы полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындады», – деп таратты жергілікті полиция.

«Кісі өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз