Жаңалықтар

Астана әлемдегі ең ақылды топ-50 қаланың қатарына кірді

астана, абу даби плаза
Фото: Асқар Ахметуллин

Астана әлемнің үздік 50 ақылды қалаларының қатарына кірді. Smart Centres Index 2025 (SCI 11) жаһандық индексінде 46-орынға көтеріліп, бірден алты сатыға жоғарылады. Бұл туралы Астана Халықаралық Қаржы Орталығы (АХҚО) хабарлады.

Қала 654 балл жинады, бұл алдыңғы рейтингтегі көрсеткіштен 10 ұпайға жоғары. Айта кетейік, SCI индексі БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің 135 көрсеткіші мен әлемдік сарапшылардың бағаларын біріктіру негізінде қалыптастырылады.

Индекс әдіснамасы қалаларды үш негізгі бағыт бойынша бағалайды: инновацияларды қолдау деңгейі мен заңнамалық база, шығармашылық және ғылыми қызметтің қарқындылығы, сондай-ақ қаланың технологиялық өнімдерді енгізу және нарыққа ұсыну қабілеті. Рейтингте барлығы 76 қала қамтылған.

Астана Мәскеу мен Миланнан озып кетті

«Ақылды қалалар» арасында Сан-Франциско көшбасында тұр. Екінші және үшінші орындарды Цюрих пен Лондон иеленді. Төртінші орында Оксфорд, ал алғашқы бестікті Нью-Йорк түйіндеді.

Осы рейтингте Қазақстанның астанасы Прага, Варшава, Будапешт, Лиссабон, Мәскеу және басқа да көптеген қалаларды басып озды.

ЛРТ
Фото: shutterstock

АХҚО атап өткендей, Астананың позициясының өсуі цифрлық инфрақұрылымның дамуы мен G42 (Presight AI) холдингімен бірлесіп енгізілген Smart City Astana платформасының іске қосылуына байланысты. Бұл платформа қалалық желілерге түсетін жүктемені нақты уақыт режимінде болжауға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Астана алғаш рет Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінің Smart City Index 2025 есебіне енді. Қала әлемнің 146 қаласының ішінде 102-орынды иеленді. Бұл рейтинг технологиялардың бар-жоғын ғана емес, қалалық инфрақұрылымның қалай жұмыс істейтінін бағалайтын тұрғындар сауалнамасына негізделген.

Астана тұрғындары басты мәселелер ретінде тұрғын үйдің қолжетімділігін, жолдағы кептелістерді және медициналық қызметтердің сапасын атады. Сонымен қатар қала онлайн-сервистердің дамуы бойынша жақсы баға алды. Қала тұрғындары цифрлық платформаларды жұмыс іздеу, дәрігерге жазылу, музейлер мен түрлі шоуға билеттерді төлеу үшін белсенді пайдаланады.

Айта кетейік, Алатау – Қазақстандағы алғашқы ақылды қала болмақ. Алматымен екі араны жалғау үшін әуе таксилері де қосылады деген жоспар бар. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл қала шетелдіктер визасыз жүретін «қазақстадық Дубайға» айналатынын мәлімдеген.