
Қазақстанда соңғы бес жылда өмір сүру құны шамамен 75%-ға өсті. Бұл халықтың өмір салтына тікелей әсер етті. Көбі әдеттегі шығындардан бас тартуға, демалысты кейінге қалдыруға және несиеге өмір сүруге мәжбүр болуда.
Energyprom.kz дерегінше, 2022 жылдың соңынан бері баға 33,9%-ға қымбаттаған. Ал 2020 жылмен салыстырғанда өсім 74,7%-ға жеткен. Яғни соңғы бес жылда қазақстандықтар бұрынғы өмірі үшін шамамен екі есе көп төлеуге мәжбүр.
Инфляция ең қатты сезілетін аймақтар
Ең қымбат өңірлер қатарында Маңғыстау облысы, Астана және Қарағанды облысы бар, бұл аймақтарда инфляция 80%-дан асты. Сарапшылардың айтуынша, тіпті салыстырмалы түрде тұрақты өңірлерде де бағаның өсуі жалақының артуынан әлдеқашан озып кеткен.
Қызметтер – бюджетке негізгі салмақ
Егер бұрын инфляцияны негізінен азық-түлік қалыптастырса, қазір басты ауыртпалықты ақылы қызметтер түсіріп отыр. Соңғы үш жылда олардың бағасы 42,7%-ға өскен.
Медицина ең қымбат шығындардың біріне айналды, мәселен, дәрігер қабылдауы соңғы бес жылда екі есеге жуық қымбаттады. Коммуналдық қызметтер 42%-дан астам, балалар үйірмелері мен секциялары шамамен 36%, ал бұрын қолжетімді саналған фастфуд тағамдардың өзі 37%-ға қымбаттаған.
Демалысқа кететін шығын көлемі өсті
Туризм саласында баға рекордтық деңгейде өсті. Түркияға жолдамалар мен Дубайдағы демалыс құны шамамен үш есе қымбаттаған. Тіпті Қазақстандағы демалыс үйлерінің бағасы 66,7%-ға өсті. Соның салдарынан көптеген отбасы үшін демалыс жыл өткен сайын қолжетімсіз болып барады.
Киім, көлік және күнделікті шығындар
Бұдан бөлек киім-кешек алу да барған сайын қалтаға айтарлықтай салмақ салуда, соңғы бес жылда аяқкиім бағасы 76,7%-ға, ал киім 65,3%-ға қымбаттаған. Автокөлік ұстау шығындары да артты, ол 68,5%-ға өскен.
Қазақстандағы инфляция күнделікті өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатыр. Көп адам барынша үнемдеу мен несиеге жүгіну арасында таңдау жасауға мәжбүр. Бұл таңдау уақытша шара емес, қалыпты жағдайға айналып барады.
Еске салайық, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов дезинфляцияның кейбір белгілеріне қарамастан, экономикадағы баға қысымы жоғары болып отырғанын айтты.