Жаңалықтар

21 жерінен пышақтаған: Жаңаөзенде қайтыс болған дәрігердің отбасы не дейді

Оқиға 28 қаңтарда болған/фото: shutterstock

Жаңаөзенде қайтыс болған дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевті күдікті 21 жерінен пышақтаған. Бұл туралы марқұмның туыстарымен сөйлескен «31 арна» тілшілері хабарлады.

Аманғалиевтің туыстары оқиғаға кәсіби қызметі себеп болмағанын айтқан. Күдіктінің әйелі ауруханада медбике болып жұмыс істейді, күдікті бұған қызғаныштан барды деп отыр.

«21 жерінен пышақтаған. Сау адам солай істей ма? Адам итке де олай жасамайтын шығар. Отырған орнына барып, пышақтап… Бір адам көрмеген ба сонда?», – дейді марқұм Аманғалиевтің анасы.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров дәрігердің мойын, кеуде және қолдары кесілгенін, ірі тамырлары зақымдалып, көп қан жоғалтқанын айтқан. Шұғыл операция жасалғанымен, дәрігер қайтыс болды.

29 жастағы Нұрдәулет Аманғалиевтің артында бір ұл, бір қызы қалды.

Полиция мәлімдемесі

Оқиға 28 қаңтарда болған.

«Ер азаматтар арасындағы жанжал тұрмыстағы даудан туған. Қайғылы оқиғадан соң күдікті Жаңаөзен қаласы полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындады», – деп таратты жергілікті полиция.

«Кісі өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.