Әуезов университетінің бұрынғы ректоры жазадан құтылып кетті

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректоры қызметін уақытша атқарған Қайрат Нұрманбетов бостандыққа шықты. Бұл туралы бүгін қалалық сотта өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Ол қылмыстық кодекстің «Салғырттық» және «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
«Қайрат Нұрманбетов Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған күнінің мерзімі ескіріп, өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігімен кінәсіз деп танылып, іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталған», – деді қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсебеков.
Нұрманбетовпен бірге сотталған оның 5 серігіне қатысты жаза өзгермеді. Айта кетейік, сот үкімі 2025 жылдың тамыз айында шыққан еді. Ал сотталушылар 2024 жылдың қыркүйек айында ұсталған. Іс сотқа 2025 жылдың 4 сәуірінде түскен.