Жаңалықтар

Алматы әуежайы әлемде тараған Нипах вирусына қарсы дайындалып жатыр

Фото: gov.kz

Алматы халықаралық әуежайында әлемде таралып жатқан Нипах вирусына қатысты оқу-жаттығу өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, іс-шара әуежайдың кіру пункттерінде аса қауіпті инфекцияларды, оның ішінде Нипах вирусын анықтау және оқшаулау бойынша дайындығын тексеруге бағытталды.

«Сценарийге сәйкес Нипах вирусына күдік тудыратын жолаушы анықталды. Барлық қызметтер әрекеттердің толық алгоритмін – бастапқы санитариялық-карантиндік бақылау мен оқшаулаудан бастап, шартты науқасты ауруханаға жатқызу, эпидемияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізуге дейін пысықтады», – делінген хабарламада.

Оқу-жаттығуға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, жедел жәрдем, құқық қорғау және кеден органдары қатысқан.

Нипах вирусының белгілері

Нипах вирусы – сирек кездесетін, бірақ аса қауіпті инфекция. Ол жануарлардан адамға, ал жекелеген жағдайларда тығыз қарым-қатынас кезінде адамдар арасында да жұғуы мүмкін. ДДСҰ деректеріне сәйкес, бұл вирусқа қарсы вакцина да, арнайы ем де жоқ. Ал әртүрлі індет ошақтарында өлім-жітім деңгейі 40–75 пайызға дейін жеткен.

Мұның алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Үндістанда Нипах вирусының таралуына байланысты мәлімдеме жасаған еді.