Алматыда 5 мыңнан аса кәсіпкерге тегін кеңес берілді

Алматы қаласында өткен республикалық «Халық бухгалтері» акциясында 5 000-нан астам салық төлеуші тегін кеңес алды.
Қаржы министрлігі 2026 жылдың басынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында республикалық «Халық бухгалтері» акциясын бастады. Акция 5 қаңтарда іске қосылып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Жоба аясында аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларында кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар және сала мамандары тегін офлайн-кеңестер өткізеді. Кеңестер аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Алғашқы айдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында ондаған кездесу өтіп, 5 000-нан астам жеке кәсіпкер мен шағын бизнес өкілі кеңес алды. Бұл акция форматының жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.
Кеңес барысында азаматтар бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу бойынша нақты жауап алды. Сонымен қатар қатысушылар жаңа Салық кодексінің талаптарына бейімделу мүмкіндігіне ие болды.