
Ақтауда жеңіл көлік гүл сататын дүкеннің витринасынан сындырып кіріп кетті. Оқиғаға сауда нүктесінің қызметкерлері түсініктеме берді.
Оқиға 28 қаңтар күні 28-шағынауданда, №59 үйдің 3 корпусы ғимаратында болған.
Lada.kz хабарлауынша, 30 қаңтарда Instagram желісінде көліктің кенеттен гүл дүкеніне кіріп кеткен сәті түсірілген видео тарады. Оқиға кезінде дүкен ішінде адамдар болған.
Сауда нүктесінің иесінің айтуынша, жүргізуші тайғақ жолда көлікті басқара алмай, гүл дүкенінің кіреберіс бөлігіне соғылған. Соққы салдарынан шыны витрина мен есіктер зақымданған.
Директордың сөзінше, көлікті ресепшн тірегі тоқтатып қалған. Соның арқасында машина ғимарат ішіне тереңірек кіре алмаған.
«Барлығы өте тез болды. Сатушы қыздар шошып кетті. Бірақ, бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ», – деді ол.
Айта кетейік, полиция шақырудың қажеті болмаған. Тараптар жағдайды сол жерде жедел түрде реттеп, бір-біріне шағымы жоқ екенін мәлімдеген.
Қазіргі таңда кіреберіс бөлігі жалға беруші тарапынан қалпына келтірілген.
Ал Қызылорда облысында 47 шетел азаматы мінген автобус жүк көлігімен соқтығысқан еді.