Байқоңыр мен Семейді аңдыған Jumpseat туралы құпия мәлімет жарияланды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Jumpseat спутнигі АҚШ
Jumpseat – КСРО-дағы әскери нысандарды аңдыған америкалық спутник / фото: nro.gov

АҚШ Ұлттық барлау басқармасы (NRO) қырғи-қабақ соғыс жылдары совет әскери нысандарын аңдыған Jumpseat спутнигінің құпия мәліметтерін ішінара жариялады. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Тыңшы спутниктер

Америкалық тыңшы спутниктер 1971-1987 жылдары ұшырылған. Олар Батыс пен коммунистік елдер арасындағы қырғи-қабақ соғысы жылдары маңызды мәліметтер жинаған.

«Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін коммунизм күш алып, ядролық қарудың көптеп таралуы америкалықтарды шошытты. «Спутник-1″ совет зымыранын сәтті ұшыру орбитаға ғарыштан ядролық қаупін тудыратын нысан орналастыруға болатынын көрсетті», – делінген басқарма мәліметінде.

Жаңадан құрылған Ұлттық барлау басқармасына сол кезде АҚШ үшін маңызды сауалдарға жауап іздеу жүктелген.

Спутниктер мақсаты

Артынша NRO мен АҚШ әскери әуе күштері озық спутниктер дайындай бастаған.

«JUMPSEAT-тің басты мақсаты – қарсыластың шабуыл және қорғаныс жүйелеріне мониторинг жасау. Жоғары орбитаға орналасқан спутник қауіп туралы теңдессіз мәліметтер жинауы тиіс».

Алғашқы тыңшы спутник 1971 жылы Калифорниядағы Ванденберг әуе базасынан ұшырылады. Орбитадағы нысан АҚШ мәліметтер орталығына құнды материалдар жіберіп отырды.

Спутниктер негізінен шетел радарларынан, радиостанциялары мен зымырандардан, басқару жүйелерінен шыққан дыбыстар мен электронды сәулелерді тіркеп, құпия әскери байланыс мәліметтерін жинаған.

АҚШ сегіз мәрте Jumpseat спутнигін ұшырған. Соның біреуі ғана сәтсіздікке тап болған. Тыңшы спутниктер ондаған жылдар бойы жұмыс істеп, 2006 жылы ғана істен шыққан.

Қазақстан туралы мәлімет бар ма?

Jumpseat спутниктерінің Қазақстандағы Байқоңыр, Семей және Сары-Шаған әскери полигондарына қатысты мәліметтері әзірге жарияланбады. Бірақ олардың жалпы мақсаты КСРО-дағы сынақтарды аңду болғандықтан, елдегі нысандар да міндетті түрде қамтылған.

Бұған дейін АҚШ CORONA, HEXAGON, GAMBIT бағдарламалары аясында түсірліген құпия суреттерді жариялаған. Ал Jumpseat солардың радио нұсқасы.

Сондай-ақ оқыңыз