Жаңалықтар

Бір кресло – 20 млн теңге: енді мекемелер порталда бағаны негізсіз көтере алмайды

Бағасы жоғары тапсырыс кері қайтарылады/фото: shutterstock,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкентте Әуезов университеті бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі хабарлаған еді. Қылмыстық іс сотқа жолданған.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил енді мемлекеттік сатып алу порталында тауар бағасын негізсіз көтеруге болмайтынын айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттік келісімшартты алаяқтық жолмен ұтып алғысы келетіндер әлі де бар.

«Бұл (бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алу – ред.) мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізілмеген. Бізде сатып алудың бірнеше бағыты бар: мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы. Бізде де мұндай жағдай кездеседі.

Тапсырыс берушілердің конкурсқа қатысты барлық құжатын қарайтын мемлекеттік аудит органдары бар.

Мысалы, мемлекеттік сатып алуларға аурухана, мектептер қатысады делік. Қандай да бір мектеп немесе мемлекеттік мекеме кресло сатып алғысы келеді. Мұндайда талап, баға және басқа да сипаттамаға сәйкес бағаның тым жоғары екені ішкі мемлекеттік аудит комитетіне түседі. Ол жердегі мамандар тапсырыс берушіге хабарлама жолдап, бағаны негізсіз жоғары көтергенін ескертеді. Сондай-ақ талап пен бағаны өзгерту қажет екенін айтады», – дейді вице-министр.

Ал келешекте бұл жұмыс автоматтандырылады. Яғни, бағасы жоғары сатып алу лоты шыққан сәттен бастап бірден кері қайтарылады және жарияланбайды.