
2026 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша Мемлекеттік ақпараттық жүйе – «Қазақстандық тауарөндірушілер тізіліміне» (КТП) енгізу үшін барлығы 11 609 өтінім түскен. Тексеру нәтижесінде 457 субъектіден берілген 2 556 өтінім кері қайтарылды. Оның ішінде 41 компанияның 206 өтінімі төмен скоринг көрсеткіштеріне байланысты қабылданбаған.
Қазіргі таңда КТП тізілімінде 605 субъектіден 2 671 өтінім тіркелген.
Бірқатар кәсіпорындардың өтінімдері өндірістік қызметтің нақты расталған белгілерінің болмауына байланысты мақұлданбады. Атап айтқанда, «SapAZ» ЖШС, «ДатаХимПром» ЖШС, «Samruk Orda» ЖШС, «Reemax» ЖШС, «Golden Way LTD» ЖШС, «Шебер» ҚОБ және «DD21» өкілдері ұсынған құжаттар мен бейнематериалдарда көрсетілген қызмет тәсілдері мен форматтары мәлімделген деректерге сәйкес келмеген.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ішкі құндылықтар департаментінің директорының айтуынша, цифрлық верификация қазақстандық тауарөндіруші мәртебесінің формалды түрде берілуіне жол бермейді.
«Тізілім тек құжаттар пакетін ғана емес, нақты өндірістік қызметтің бар-жоғын тіркейді», – деді департамент директоры.
Айта кетейік, бұған дейін индустриялық сертификаттар негізінде өз мәртебесін растаған 1 924 кәсіпорын КТП тізіліміне автоматты түрде енгізілген.
Жалпы, КТП тізілімі қазақстандық тауарөндіруші мәртебесін растаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыруға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және мәртебенің формалды түрде берілуін болдырмауға бағытталған.