Жаңалықтар

Елде еріктілер жұмысына қатысты жаңа құжат әзірленеді

Бұл туралы Волонтерлер форумында айтылды/фото: shuttetstock

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа құжат әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Волонтерлер форумында айтылды.

«Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет. Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн», – деді президент.

Құжатта бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беріп, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыруды қарастыру қажет.

Айта кетейік, елде 2020 жылы 50 мың волонтер болды, қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті.