Еуропа кеңесі жыныстық бағдарды өзгерту әрекетін айыптайтын қарар қабылдады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Мальта, Франция, Германия және Греция елдерінде толық немесе ішінара тыйым салынған / Фото: kursiv.media мұрағаты

Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы «конверсиялық терапияға» толық тыйым салуды ұсынып отыр.

DW агенттігінің мәліметінше, Парламенттік ассамблея жынысын өзгертуге бағытталған әрекеттерді айыптайтын қарар қабылдаған. Депутаттар мұндай практикаларды адам құқықтарын бұзу деп бағалап, ұйымға мүше елдерді тәжірибеге заң жүзінде тыйым салуға шақырды.

Қарарда «конверсиялық терапия» деп адамның жыныстық болмысы мен бағдарын өзгертуге немесе басуға бағытталған әрекеттер деп сипатталады. Ассамблея мұндай тәсілдердің ғылыми негізі жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар денсаулыққа зиян келтіретінін және адам құқықтарына қайшы екенін жеткізді.

Құжатты 71 депутат қолдап, 26-сы қарсы дауыс берді, екеуі қалыс қалды.

Сондай-ақ қарарда ағартушылық жұмыстарды күшейту, ғылыми зерттеулер жүргізу және діни институттармен диалог орнату қажеттігі айтылған. Алайда кейбір діни ұйымдардың өздері бұл практикаларды насихаттайтыны да көрсетілген.

Қазір Мальта, Франция, Германия және Греция секілді елдерде мұндай практикаларға толық немесе ішінара тыйым салынған.

Айта кетейік, Қазақстанда құқыққа қайшы контент таралуын шектеу туралы құжат – ең даулы заң жобасы болған еді. 2025 жылдың 30 желтоқсанында Тоқаев ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңға қол қойды. Егер заң бұзылса, 20 АЕК айыппұл салынады, екінші рет қайталаса он күнге қамалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз