Жаңалықтар

Конституция жобасында «Президент» бөліміне жаңа ережелер енді

Комиссияның алтыншы отырысы өтіп жатыр/фото: shutterstock

Жаңартылған Конституция жобасында президентке қатысты баптар нақтыланған. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алтыншы отырысында айтылды.

Құжат жобасында «ел президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының ҚР біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» деген норма енген.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, республика президенті болуға үміткерлерге қойылатын талаптар нақтыланған.

«Ең жоғары лауазымды тұлға болып тумысынан ҚР азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын, жоғары білімді, мемлекеттік, сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл тәжірибесі бар ҚР азаматы сайлана алады», – деді Нұрмаханов.

Айта кетейік, жоба преамбула, 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Бұған дейін Конституция жобасы 11 бөлім, 104 баптан тұратыны айтылды.

Жобаның оныншы бөлімі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналған. Соған сәйкес Конституцияға өзгерістер президент шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі.