Новак Джокович Янник Синнерді жеңіп, Australian Open финалына шықты

Сербиялық теннисші, әлемнің төртінші ракеткасы Новак Джокович Australian Open–2026 турнирінің жартылай финалында жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Джокович әлемнің екінші ракеткасы италиялық Янник Синнермен кездесті. Қарсыластар арасындағы тартысты матч бес сетке созылып, серб теннисшісінің пайдасына аяқталды – 3:6, 6:3, 4:6, 6:4, 6:4.
Теннисшілер кортта 4 сағат 9 минут өнер көрсетті. Кездесу барысында Новак Джокович 12 эйс жасап, үш қос қателікке бой алдырды. Сондай-ақ сегіз брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Финал: Джокович – Алькарас
Финалда Джокович әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен кездеседі. Алькарас өз кезегінде драмаға толы жартылай финалда неміс теннисшісі Александр Зверевті жеңген еді. Финалдық ойын жексенбі күні өтеді.
38 жастағы Новак Джокович үшін бұл финал мансабындағы 25-ші Grand Slam титулын жеңіп алу мүмкіндігі болып отыр. Бұған дейін Australian Open турнирінің финалына 10 рет шығып, барлық жағдайда чемпион атанған. Ал соңғы екі маусымда бұл турнирдің жеңімпазы дәл осы Янник Синнер болған еді.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакина да әйелдер арасында Australian Open финалына шықты. Қазақстандық теннисші финалда әлемнің бірінші ракеткасы, белорусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы ойнайды.