Жаңалықтар

Павлодарда спорт мектептерінен 10 млн теңге ұрланған

Бір бухгалтер үш жыл ішінде 6 млн теңгені өзіне заңсыз аударған / Фото: Делия Айдаралиева

Павлодарда прокурорлар спорт мектептеріне жүргізілген тексеру барысында 10 млн теңгеге жуық қаржы ұрланғанын анықтады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.

Прокуратураның мәліметінше, тексеру стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждерін қамтыған. Спорттық құрылыстар заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілген. Ал кейбір нысандардың коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген. Мәселен, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылған. Коммуналдық шығындар бюджет есебінен өтелген.

«Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда», – делінген хабарламада.

Мектептердегі басқа да мәселелер

Тексеру барысында спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылардың, сондай-ақ бұған дейін денсаулық пен имандылыққа қарсы қылмыстар үшін сотталған тұлғалардың жұмыс істегені белгілі болды.

Бұдан бөлек, спортшыларды болмаған қонақүйлерге орналастыру туралы жалған шарттар жасалған. Мемлекетке 2,8 млн теңге шығын келтірілген.

Прокуратура дерегінше, спорт нысандарының басым бөлігі тозған. Атап айтқанда, трибуналар қираған, шатырлардан су ағады, мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалмаған, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған.