
Алматының «Қайрат» футбол клубының делегациясы Англияның Кобхэм қаласында орналасқан «Челси» футбол клубының жаттығу базасына ресми сапармен барды.
Сапар аясында «Қайрат» өкілдеріне негізгі команда, жасөспірімдер академиясы және әйелдер құрамасын қамтитын заманауи жаттығу орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Кешен аумағында 34 футбол алаңы бар, сондай-ақ барлық жас санатындағы командаларды дайындау мен медициналық қолдауға арналған толық инфрақұрылым қарастырылған.
Сапар барысында клуб басшылығы деңгейінде, сондай-ақ бапкерлер мен медициналық штабтар арасында жұмыс кездесулері өтті. «Қайрат» делегациясы «Челсидің» спорттық бөлімшелерінің құрылымымен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, скаутинг жүйесі, футбол үдерістерін операциялық басқару, рекрутинг және менторлық жүйе жұмысына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар екі клубтың қақпашылар бапкерлері мен медициналық мамандары арасында жеке кездесу ұйымдастырылды. Онда жарақаттан кейін және жоғары жүктемеден соң футболшыларды қалпына келтіру әдістері талқыланды.
Сапар нәтижелі өтті. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастырып, тәжірибе алмасу туралы келісімге келді.
Алдағы күндері «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин, бас бапкердің көмекшісі Артём Гавриленко және Академия жетекшісі Александр Котляр «Челсидің» жаттығу базасында тағылымдамадан өтіп, клубтың жұмыс үдерістерін тереңірек зерделейтін болады.
Еске сала кетейік, «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтбаев 18 жасқа толғанан кейін дәл осы лондондық «Челси» сапына ауысады.