Қайрат Түнтеков тыңдарман назарына «нөл» туралы әнін ұсынды

Жарияланды
Қайрат Түнтеков
Фото: Видео кадры

Қайрат Түнтеков біраз жылдан кейінгі үзілістен соң шығармашылыққа қайта оралды. Сүйікті әншісінің сахнаға қайтадан шығар сәтін күтіп жүрген тыңдарманға Түнтеков «У меня ноль» деген жаңа әнді ұсынды. Жыл қорытындысы жасалатын «Қызық премия» бағдарламасында қызық болсын деп орындалған әнді ол кәсіби аранжировка жасап, жаңаша орындап шықты.

«Қызық премиядан» басталған ән

Түнтеков өз үзеңгілестері – «Көз тимесін» квн командасының мүшелерімен бірге биыл сахнаға қайта оралып жатыр. Бірге атап өткен себебіміз – Түнтеков жайдарманшылармен бірге біраз жоба жасаған еді. 20 жыл бұрын сол кездің крашы болғандар кейіннен көпшілік ортада көрінбей кеткен. Жақсы жаңалық сол – экс-жайдарманшылар фильм түсірсе, Түнтеков әнін жарыққа шығарды. «У меня ноль» әнінің авторы «Қызық премияға» шақырылып, көпшілікті ол туынды күлкіге қарық қылған. Не мағына жоқ, не ұйқасы үйлеспейтін, шалақазақша жазылған әнді артынша кәсіби әнші, даусы ерекше Қайрат Түнтеков премия сахнасында орындаған еді. Сол кезде-ақ Қайрат «бұл әнді шығаруым әбден мүмкін» деп айтып қалған болатын.

Тыңдарман ықыласы

Сол сөзінде тұрып, Түнтеков бұл әнге кәсіби аранжировка жасап, тыңдарманға ұсынды. Күні кеше музыкалық платформаларға салғанын айтып, сүйінші жаңалық жеткізді. Сол жазбаның астында кәсіби әнші орындаса, кез келген әннің шырайы шығады деген сыңайда пікір көп жазылып жатыр.

«Жаман ән болмайды, жақсы орындаушысы болса. Қайрат, сіздің қолыңыздан әлі көп нәрсе келеді, біз сізді қолдаймыз», «Мен тек осы әншіні мойындаймын» деп жазғандар бар. Енді бірі әннің мағынасына қарап, «Таза қаңтар, ақпанда тыңдайтын ән екен» деп әзілдеп жатыр.

Қайратты сағынған фанаттары әншінің жеке ән кешін күтетінін де жасырмады. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін экс-жайдарманшы Айбек Байназаровтың пойызда бейтаныс қызға тиіскені туралы айтқан соң кәнсілге ұшырағанын жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз