Қазақстан Ресейге шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты қайтармақ

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Мансур Мовлаев
Қазақстан Ресейге шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты қайтармақ / Фото: instagram/rena_kerimova

Қазақстанның Бас прокуратурасы 30 қаңтарда Ресейдің шешен оппозиционері Мансұр Мовлаевты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды DW.

Шешім ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қаулы күшіне енгеннен кейін 30 күннен кешіктірмей белсендіні Ресей билігіне беруді тапсырады. Бұл туралы Facebook-те Мовлаевтың адвокаты Мұрат Адам хабарлады. Қаулыға Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Асхат Жұмағали қол қойған.

«Қазақстан Бас прокуратурасы Ресей Бас прокуратурасының шешен оппозиционер белсендісі Мансұр Мовлаевты қайтару туралы экстрадициялық өтінішін қанағаттандырды. Оған біздің еліміз босқын мәртебесін беруден бас тартты. Қазір Мансұр Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімге біз 2026 жылдың 11 ақпанына алдын ала тыңдау тағайындаған сотқа шағымдандық», – деп жазды адвокат Мұрат Адам әлеуметтік желіде.

Белсендіні қолдау тобы Ресейде Мовлаев азапталуы немесе қаза табуы мүмкін екенін ескертеді және халықаралық қауымдастықты, журналистерді және БҰҰ арнайы баяндамашыларын жағдайға араласуға шақырды.

Мансұр Мовлаев қазақстандықтарға ашық үндеуінде «оны өлімнен сақтап қалуды» өтінді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ресейлік тарап қазақстандық әріптестерін қудалаудың саяси себеп жоқ екеніне сендіріп, белсендіні азаптамайтынын айтқан.

Мансұр Мовлаев деген кім

29 жастағы Мовлаев – Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров сынайтын оопозициялық белсенді. 2020 жылы ол есірткі таратқаны үшін үш жылға сотталған, алайда бұл істің жала болғанын айтқан.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін оны Шешенстанда ұрлап, құпия түрмеде ұстаған. Ол Қырғызстанға қашып, онда 2023 жылдың қарашасында алты ай түрмеде отырды, содан кейін қуылды.

Мовлаев Қазақстанға өз бетінше келді. 2024 жылдың қазан айында ол Шешенстандағы бауырларын ұрлау және азаптау туралы хабарлады, ал 2025 жылдың мамырында Ресейден іздеу өтініші бойынша Алматыда ұсталды. Оған бопсалау және экстремизм бойынша айып тағылды. Сол айда Мовлаев баспана іздеуші мәртебесін алды, бұл оны экстрадициядан уақытша қорғады. 2025 жылдың желтоқсанында ол саяси баспанаға өтініш берді.

Сондай-ақ оқыңыз