Жаңалықтар

Қазақстанда Жер комиссиясы жұмысын тоқтатады

Барлық конкурстық өтінімдер әкімдіктердің сайттарында орналастырылған /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Барлық конкурстық өтінімдер әкімдіктердің сайттарында орналастырылған /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов осындай мәлімдеме жасады.

Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте келесі жылдан бастап Жер комиссиясының қызметі тоқтатылатынын мәлімдеді.

Мұратжан Теміржановтың айтуынша, жер учаскелерін беру үдерістері толық цифрландырылған . Сондықтан осы шешім қабылданып отыр.

«Ақпарат үнемі жаңартылып отырады. Бос жер телімдерінің қай жерде бар екенін көруге болады. Барлық конкурстық өтінімдер әкімдіктердің сайттарында орналастырылған. Алдын ала айта кетейін, келесі жылдан бастап «жер комиссиясы» деген орган болмайды. Яғни, барлығы цифрлық форматқа көшеді. Азамат ХҚКО-ға келіп, бұл қызметті не смартфоны арқылы, не тиісті өтінім беру арқылы ала алады», –  деді Теміржанов.

Оның айтуынша, қаңтар айында комитет үш жаңа мемлекеттік қызметті іске қосқан.

«Соның бірі – жерді жалға алу құқығын ұзарту. Бұрын жергілікті атқарушы органға міндетті түрде үш ай бұрын келу қажет болатын. Оған бәрі бірдей үлгермейтін. Қазір біз бұл қызметті толықтай автоматтандырдық», – деді төраға.

Айта кететін жайт, Жер ресурстарын басқару комитеті 2025 жылы 2 млн га пайдаланылмай жатқан жердің мемлекет меншігіне қайтарылатынын мәлімдеген еді.