Қазақстанның әуе флоты биыл 118 ұшаққа дейін артады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Әуе компаниялары жаңа 9 әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр / Фото: kursiv.media мұрағаты

Көлік министрлігі салада 2026 жылы қандай жаңашылдықтар болатыны турасында ақпарат жариялады.

Көлік министрлігі 2026 жылы елде көлік апаттары мен оқиғаларын тергеу орталығы құрылатынын хабарлады. Бұл орталық қара жәшіктерді тәуелсіз талдауға, әртүрлі тексеру түрлеріне, соның ішінде оларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Көлік саласындағы жаңашылдықтары туралы ведомство ресми хабарламасында тәптіштеп баян еткен. Ол мәліметтерге сәйкес, биыл Қазақстанның әуе компаниялары жаңа 9 әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Сонда жалпы әуе флоты 118 ұшаққа дейін артады.

Маршруттық желіні кеңейту аясында Вена (Австрия), Абу-Даби (БАӘ), Эр-Рияд (Сауд Арабиясы), Сиань, Шанхай (Қытай), Дели (Үндістан), Рим (Италия) және басқа да бағыттар бойынша әуе қатынасын ашу және дамыту жоспарланып отыр.

«Халықаралық әуе хабтарын дамыту мақсатында авиаотын құнын төмендету бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда авиаотын бағасы бір тоннасына 1000 АҚШ долларынан төмен деңгейде. Сондай-ақ, биыл бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, Алматы қаласы әуежайының ішкі рейстер терминалын қайта жаңғырту, Атырау қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысын бастау, Ақтау әуежайының перронын күрделі жөндеу және Павлодар әуежайының аэродромын реконструкциялау жоспарланған», – делінген хабарламада.

Астана және Шымкент қалалары әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысын аяқтау көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз