Қосшыда қайтыс болған оқушыға жедел-жәрдем неге кеш келді

Қосшыда мектепте сабақ үстінде қайтыс болған оқушыға екі рет жедел жәрдем шақырған. Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
«29 қаңтарда жедел-жәрдем станциясына бірінші дабыл 16:18-де түсті. Баланың басы ауырды, құсты, дірілдеді деген шағым болған. Ол төртінші қиындық санатына жатқызылды, оған емхана бригадасы барады. Көлік бірден шықты. Бірақ 10-15 минут өткеннен кейін екінші рет қоңырау түсті. Қыз баланың жағдайы күрт төмендеп, есінен танып қалды. Арнайы бригада жіберілді. Қоңырау түскеннен бастап жедел көмек 19 минут ішінде барды», – деп түсіндіреді басқармадан.
Өкінішке қарай, фельдшерлер барғанда оқушының жүрегі тоқтаған еді. Бірақ дәрігерлер бәрібір жан сақтау шараларын жүргізді, ол нәтижесін бермеді дейді басқарма өкілдері.
Бұған дейін әлеуметтік желіде дәрігерлер ауырған оқушыға 40 минутта барды деген ақпарат тараған еді.
Әзірге қыздың неден қайтыс болғаны белгісіз. Соңғы қорытындыны мамандар айтады. Алдын-ала болжам бойынша, бронхалық астма аясындағы өткір жүрек-тыныс алу жеткіліксіздігі деген диагноз себеп болуы мүмкін.
10 жастағы қыз бала қоғамдық мәдени-спорттық кешенде өткен сабақ кезінде қайтыс болған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.