
Әлеуметтік желіде әзіл-қалжыңға құрылған контентімен танылған блогер әрі тиктокер Ерсін Есенаман Abylaikhan Omirbay YouTube арнасына берген сұхбатында өміріндегі күрделі кезеңдер туралы ашық айтты. Ерсін блог жүргізудегі мақсаты, жарнамадан түсетін табысы, негатив пікірлерге көзқарасы және жеке өміріндегі қиын сәттері жайлы ой бөлісті.
Ерсін Есенаманның айтуынша, жоғары білімді маман болғанымен, дипломы бойынша жұмыс табу оңай болмаған.
Экономика факультетін, қаржы мамандығын бітірдім. 2007 жылы грантқа түстім. Ол кезде «ауыл квотасы», «жетім квотасы» деген бар еді. Сол арқылы оқуға түстік, – дейді ол.
Алайда ұлттық университеттің дипломы да тұрақты жұмыс табуға көмектеспегенін жасырмады.
Одан кейін өмірім қиындап кетті. ҚазҰУ-дың дипломымен пойызда жұмыс істедім. «Тұран-Экспресс» компаниясында. Ол жерде аты-жөнімді өзгертіп, Ануар деген атпен жүрдім. Ұялдым ба, әлде психологиялық жағдай болды ма – өзім де білмеймін, – деп еске алады блогер.
Сұхбат барысында Ерсін Есенаман ішкілікке салынған жылдарын да жасырмай айтты. Оның сөзінше, бұл кезең депрессиямен, жалғыздық сезімімен тұспа-тұс келген.
Ол кезде депрессия болды. Қазір бәрін депрессия деп айта саламыз ғой. Жалғыздықты қатты сезіндім. Шаршадым. Бір қабырғаға тіреліп қалғандай күй кештім. Ештеңеге зауқым соқпады, – дейді ол.
Блогер сол жылдары бірнеше жыл бойы ішімдікке әуестенгенін мойындады.
Әр түрлі адамдармен іштім: орыс, ұйғыр, қазақ, жасы да, мінезі де әртүрлі. Менің харизмам ұнайтын. Ішсем, қазіргіден де белсендірек болдым. Бес жыл іштім. Негізі жазда көп ішетінмін. Соның салдарынан денсаулығым қатты нашарлады. Қазір соның зардабын көріп жүрмін. Менімен бірге ішкен адамдардың төрт-бесеуі өмірден өтіп кетіпті, – деді Ерсін Есенаман.
Қазір ол өткен өміріне сын көзбен қарап, өз оқиғасын өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен ашық айтып жүргенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ерсін Есенаман «Қызық премия» жобасына ренішін білдірген еді.