Жаңалықтар

Құлыбаев ғимаратын миллиардқа жалдаған NCOC Атырауда жаңа кеңсе салады

NCOC компаниясының Атыраудағы кеңсесі
NCOC ғимаратты 2,8 млрд теңгеге жалдап отыр / фото: 2gis.kz, Askhat Maratov

Қашаған кен орнын игеруші NCOC биыл Атырау қаласында жаңа ғимарат салуды көздейді. Мұнай компаниясы қазір бас кеңсе орналасқан ғимаратты Құлыбаевтар отбасынан жалға алып отыр.

North Caspian Operating Company (NCOC) Атырауда жаңа кеңсе салу үшін 167 млрд теңге жұмсайды. Мәліметті мұнай саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловқа тиесілі Energy Monitor телеграм-арнасы жариялады. Мұндай шығын компанияның 2026 жылғы сатып алу жоспарында көрсетілген.

Қазір Қашаған операторы кеңсені Тимур Құлыбаев пен Серік Қырымовқа тиесілі «Жайық Инвест Девелопмент» компаниясынан жалға алып отыр. NCOC ол үшін жылда 2,8 млрд теңге төлейді.

NCOC компаниясының Атыраудағы кеңсесі
Мұнай операторының кеңсесі орналасқан ғимарат / фото: 2gis.kz, Benjamin Drinkwater

Мәліметтерге қарағанда, мұнай компаниясы осыдан 5-6 жыл бұрын Атырауда жаңа кеңсе салуға талпынған, бірақ тендер белгісіз себептермен өтпей қалған. Қашағандағы өнім бөлінісі туралы келісім мерзімі 15 жылдан кейін аяқталатынын ескерген сарапшы әлдеқайда арзанға жаңа ғимарат салу тиімді деп есептейді.

«Жайық Инвест Деволопмент» компаниясы акцияларының 68,5%-ы Mercury Properties-ке, ал 31,5%-ы кәсіпкер Серік Қырымовтың «Маскар» фирмасына тиесілі. Mercury Properties компаниясына Динара мен Тимур Құлыбаевтар иелік етеді. Жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын компания 2025 жылы Құлыбаевтарға 465,8 млн теңге, ал Қырымовқа 214,2 млн теңге дивиденд төлеген.