Жаңалықтар

Қытай ғалымдары Нипах вирусына қарсы препарат тапты

Қытайлық дәрі Нипах вирусының таралуын тежеуге көмектеседі / фото: KursivMedia мұрағаты

Қытай ғалымдары емі жоқ, өлімге әкеп соғып жатқан Нипах вирусына қарсы тиімді препаратты тапқанын жариялады.

South China Morning Post ақпаратына қарағанда, қытайлық зерттеушілер COVID-19-ды емдеу үшін әзірленген препараттың аса қауіпті Нипах вирусына қарсы да әлеуетті түрде тиімді болуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Олардың пікірінше, қытайлық бұл дәрі Нипах вирусының өршуімен күресуге және вакцинасы да, арнайы емі де жоқ осы өлімге әкелетін вирустың таралуын тежеуге көмектеседі.

Ухань вирусология институтының ғалымдары бастапқыда COVID-19-ды емдеуге арналған ауыз арқылы қабылданатын вирусқа қарсы препаратты Нипах вирусы тудыратын инфекциялардың алдын алу мен емдеуге арналған «үміт күттіретін кандидат» деп атады.

Ғалымдардың айтуынша, Нипах вирусын жұқтырған жағдайларда өлім-жітім деңгейі 75 пайызға дейін жетеді. Жуырда Үндістанның Батыс Бенгалия штатында тіркелген індет барысында кемінде бес адамның бұл вирусты жұқтырғаны ресми түрде расталған.

Айта кететін жайт, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Үндістанда Нипах вирусының таралуына байланысты мәлімдеме жасады.