
Шығыс Қазақстан облысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы ұсталды. ҰҚК хабарлауынша, ол пара алды және лауазымдық өкілетін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген.
«Басқарма басшысы жол құрылыс компаниялары және автобус парктерінің өкілдерінен 134 млн теңге сомасына заңсыз сыйақы алғаны анықталды», – делінген ақпаратта.
Тінту барысында тұрғын үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың доллар (шамамен 49 млн теңге – ред.) тәркіленген.
Сондай-ақ осы облыстың Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақша алған.
Сот санкциясымен екеуі де қамауға алынды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Бұған дейін ҰҚК «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Жетісу өндірістік филиалының директоры Айбек Ерғалиді ұстады.