
30 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласы Қонаев даңғылындағы «Қазақстан» тұрғын үй кешенінде лифт құлаған. Лифт ішінде бір адам болған.
Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем қызметі мен құтқарушылар шақырылған. Хабарлама түскен бойда тұрғын үй кешеніне жеткен олар лифт ішінде аман қалған әйелді шығарған.
«16 қабатты тұрғын үй кешенінің 12-қабатында тұрған лифт белгісіз себептермен төмен қарай күрт қозғалған. Қауіпсіздік жүйесінің өздігінен тежелуі нәтижесінде лифт 7-қабат деңгейінде тоқтаған», – делінген қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілген. Оның табаны мен омыртқасы сынған. Жағдай орташа ауыр. Ол қазір дәрігерлердің бақылауында.
Тұрғындардың сөзінше, өткен айда да лифтен ақау байқалған. Әбүйір болғанда, лифт жүргенде ішінде адам болмаған. Ал лифтің қауіпсіздігіне пәтер иелері кооперативі жауапты екен. Кооператив көппәтерлі үйдің ортақ мүлкін басқару, күтіп-ұстау және жөндеуге міндетті. Бұл үшін айына әр пәтер иесі ақы төлейді.
Лифтінің мұндай жағдайға түскені туралы кооператив қызметкерлерінен пікір алуға тырысып көрдік. Бірінің «уақыты болмадый. Ол «бастысы адам аман ғой» дегенді айтады. Екіншісі полицияда дәл осы іс бойынша жауап беріп жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, Үкіметтің тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп қаржыландыру мерзімдері мен көздерін көрсете отырып, авариялық және 25 жылдан астам пайдаланудағы лифтілерді ауыстыру және күрделі жөндеу бойынша жол карталарын бекітуге міндеттеліп отыр.