Тәжік-ауған шекарасында тағы атыс болды – үш адам оққа ұшты

Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында шекарашылар мен контрабандистер арасында қарулы қақтығыс болды.
Тәжікстан ҰҚК Шекара әскерлерінің хабарлауынша, 29 қаңтар күні шамамен сағат 19:30-да бес ауғанстандық азамат Шамсиддин Шохин ауданына қарасты «Бахорак» шекара бекеті маңында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен.
Ведомство мәліметінше, заң бұзушылардың қозғалыс бағыты анықталып, шекарашылар оларды ұстауға әрекет жасаған.
Алайда күштік құрылым өкілдері тоқтауды талап еткен сәтте топ қарулы қарсылық көрсеткен. Ауғанстан аумағына қарай шегінуге тырысқан. Қарсы оқ ату кезінде үш заң бұзушы оқиға орнында қаза болған.
Тәжікстан ҰҚК олардың жеке басын анықтады: Джовид валади Давлатманд, Рашид валади Давлатманд және Собир валади Зохир – Тахор провинциясының тұрғындары. Қалған екеуі қараңғыда қашып үлгерген.
Оқиға орнынан үш Калашников автоматы, түрлі калибрдегі 150 оқ-дәрі, көп мөлшерде гильза, 73 орам есірткі заты салынған төрт қап, сондай-ақ Пяндж өзенінен өту үшін пайдаланылған қайық табылған.
Шекара әскерлері мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын» мәлімдеді. Оқиға бойынша тергеу жүргізілуде.
Мұның алдында тәжік-ауған шекарасында атыс болып, бес адам оққа ұшқан еді.