Таңертең қазақ-қырғыз шекарасына жақын маңда жер сілкінді

30 қаңтарда таңертең қазақ-қырғыз шекарасына жақын маңда жер сілкінді. Дүмпу ошағы Қырғызстан аумағында орналасқан. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақ Ұлттық деректер орталығы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Қазақстандағы сеймографтар Қырғызстан аумағындағы жер сілкінісін Астана уақытымен таңертең сағат 07:54-те тіркеді. Дүмпу магнитудасы – 3.9 балл.

Жер сілкінісінің ошағы Қырғызстандағы Нарын қаласына жақын маңда орналасқан. Дүмпу нүктесі қазақ-қырғыз шекарасына дейін шамамен 160 км, Алматы қаласына дейін шамамен 230 км жерде жатыр.
Қазақстанның оңтүстік өңірлері сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Мұнда үнемі жерасты дүмпулері болып тұрады.
Естеріңізге сала кетейік, төрт күн бұрын, яғни 26 қаңтарда Қырғызстан аумағында жер сілкінген. Ал 22 қаңтарда қазақ-қытай шекарасына жақын маңда жерасты дүмпуі тіркелген.
Жер сілкінісі туралы ескертетін дабыл жүйесіне қосылу жолдарын Kursiv.Media мақаласынан оқыңыз.