
АҚШ-та Куба тарапынан ұлттық қауіпсіздікке төнген «қатерге» байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
Интерфакс ақпаратына қарағанда, тиісті жарлыққа АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды.
«Куба жау елдермен ынтымақтасады»
«Кубаға қатысты жағдай Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына ерекше әрі төтенше қауіп төндіреді деп есептеймін (…) және осы қатерге байланысты ұлттық төтенше жағдай жариялаймын», – делінген Ақ үй бейсенбі күні жариялаған Трамптың жарлығында.
Трамптың айтуынша, Кубадағы режим «көптеген жау елдермен», соның ішінде Ресей, Қытай және Иранмен, сондай-ақ «трансұлттық террористік топтармен және АҚШ-қа дұшпандықпен қарайтын зиянды құрылымдармен» ынтымақтасады.
Қосымша кедендік баж салығы салынады
«Осы жарлықта жарияланған төтенше жағдайды еңсеру үшін тарифтік жүйе енгізу қажет әрі орынды деп санаймын», – деп көрсетілген құжатта.
Жарлыққа сәйкес, Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай сататын немесе өзге жолмен жеткізетін шетелдік мемлекеттердің өнімдеріне қосымша адвалорлық кедендік баж салығын салу ұсынылады.
Сонымен қатар, Сауда министрлігіне Кубаға мұнай жеткізуі мүмкін елдерді анықтау тапсырылып, кейін әкімшіліктің жоғары лауазымды тұлғалары қандай қосымша тариф енгізілетінін белгілейтіні айтылған.
Жарлық қайтсе, өзгереді
«Егер Куба үкіметі немесе осы жарлықтың әрекетіне іліккен өзге бір шетелдік мемлекет елдегі жарияланған төтенше жағдайды шешу бағытында елеулі қадамдар жасап, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясаты мәселелерінде жеткілікті деңгейде қолдау көрсетсе, мен бұл жарлықты өзгерте аламын», – деп атап өтілген құжатта.
28 қаңтар күні Трамп Куба Венесуэладан мұнай жеткізілімінің тоқтауына байланысты күйреу шегінде тұрғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Гавана бұған дейін «Венесуэладан ақша мен мұнай алып келген, алайда қазір одан айырылған».
Мұның алдында АҚШ Венесуэлаға қарсы күш қолдануға дайын екенін мәлімдеген еді.