«Түбірімен өзгерген құжат»: Тоқаев жаңа Конституция қабылдау ұсынысын қолдайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қасым-Жомарт Тоқаев президент волонтерлер форумы
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныстарды қолдайды. Мемлекет басшысы 30 қаңтарда Астанада өтіп жатқан Волонтерлер форумында «түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжат» жайында сөйледі.

Жастар алында баяндама жасаған Тоқаев комиссия мүшелерінің өзгерістер ауқымын ескеріп, жаңа Конституция қабылдау туралы байлам жасағанын атап өтті.

«Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты», – деп мәлімдеді президент.

Президенттің пікірінше, Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу керек болса, мұндай қадамды тек референдум арқылы жасау қажет.

«Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтиды», – деді мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныстар Ата заңды реформалау жөніндегі комиссиясының 29 қаңтардағы отырысында айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз