Жаңалықтар

Заңғар Нұрланұлы жастар арасындағы Australian Open-нің жартылай финалына шықты

Зангар Нурланулы вышел в полуфинал юниорского Australian Open-2026
Фото: Australian Open-2026

Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы Гонконг өкілі Кай Томпсонды ширек финалдағы тартысты ойында жеңіп шықты. Жеңіс жолында аустралиялық аптап ыстыққа, аяғының бұлшық етінің құрысуына да қарамады. Юниорлар арасындағы Australian Open-2026 турниріндегі кездесу 3:6, 7:6 (7:4), 6:4 есебімен аяқталды.

US Open-2025 турнирінің жартылай финалисі атанған қазақстандық теннисші ойын барысын өз пайдасына өзгертіп, былтырғы Мельбурндегі жетістігін қайталады. Енді ертең финал жолдамасы үшін бақ сынайды.

Матч Мельбурн турнирінің орталық корттарының бірі «Маргарет Корт» аренасында өтті. Қос теннисші де бір-біріне лайық қарсылас екенін көрсетті. Томпсон агрессивті ойын өрнегін ұсынғанымен, жиі қателіктерге бой алдырды. Ал Нұрланұлы сабыр сақтап, ұқыпты ойнап, өз мүмкіндігін күтумен болды.

Алғашқы сетте 2:5 есебімен ұтылып жатқан қазақстандық ауырсынуға шыдамай, медициналық тайм-аут сұрады. Кортқа шыққан физиотерапевт шұғыл массаж жасады. Соған қарамастан бірінші сет Томпсонның пайдасына аяқталды – 6:3.

Екінші партияда да гонконгтық теннисші брейк жасап, 1:0 есебімен алға шықты. Алайда Нұрланұлы бірден жауап қайтарып, ойынды теңестірді. Оныншы геймде қазақстандық төрт рет сет-пойнтты пайдалана алмады. Томпсон 0:40 есебінен камбэк жасап, сет тай-брейкке ұласты. Тай-брейкте Заңғар бесінші сетболда жеңісті жұлып алып, есепті теңестірді – 7:6 (7:4).

Шешуші үшінші сет Нұрланұлы үшін тамаша басталды. Ол екі брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты. Алайда дәл осы сәтте аяқтағы құрысу күшейіп, қазақстандық теннисші ауырсынуға қарамастан ойнауға мәжбүр болды. Ақсап жүріп, ұпайлар арасында ракеткасына сүйенген Заңғар соңына дейін күресті. Жанкешті еңбегі ақталып, ол матчты өз пайдасына аяқтады – 3:6, 7:6 (7:4), 6:4.

Фото: Australian Open-2026

Жартылай финалда Заңғар Нұрланұлы америкалық Китон Ханс немесе Қытай Тайбэйі өкілі Куан-Шу Ченмен кездеседі.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық теннисшілер Анна Данилина мен Елена Рыбакина Australian Open турнирінің финалына жолдама алған еді.