
Конституция жобасының мәтіні БАҚ беттерінде және Конституциялық сот сайтында жарияланады. Бұл туралы Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова Конституциялық комиссияның кезекті отырыстында хабарлады. Ол комиссияның жұмысы ашық және мазмұнды түрде жүріп жатқанын атап өтті.
Қолданыстағы негізгі заң преамбула, 9 бөлім, 101 баптан тұрады. Ал ұсынылып отырған нұсқада преамбула, 11 бөлім, 95 бап бар.
Екі бөлім қосылды
Халық кеңесі және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу деген екі бөлім қосылған. «Жалпы бөлім» «Конституциялық құрылыстың негіздері»; «Адам және азамат» бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер»; «Парламент» бөлімі «Құрылтай»; «Соттар және сот төрелегі, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уәкіл» бөлімі «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау» бөлімі болып өзгерген.
Вице-президент өкілеті
Жаңа құжат вице-президент өкілетіне қатысты ақпаратты да қамтыған. Соған сәйкес, вице-президент лауазымына тағайындалған азамат қандай да бір саяси партияға мүше болмауға тиіс, депутат, басқа да лауазымды қызмет атқара алмайды. Кәсіппен айналысуға да тыйым салынады.
Президенттің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі. Вице-президент президент өкілетін қабылдай алмайтын болса, бұл өкілет Құрылтай төрағасына өтеді. Ал Құрылтай төрағасы да президент өкілетін қабылдай алмаған жағдайда, олар премьер-министрге беріледі.
Дін мемлекеттен бөлінген
Конституцияға дінге қатысты жаңа бап енгізу ұсынылып отыр. Заңгерлердің сөзінше, Ата заң мәтінінде діннің мемлекеттен бөліну қағидаты орнықпаған. Осыған байланысты мемлекеттің зайырлы сипатын нығайтатын базалық норманы Конституцияда бекіту және діннің мемлекеттен бөлінгенін көрсету жоспарланған.