Жекеменшік мектепте өзіне қол салмақ болған қыздың жағдайы қандай

Алматыдағы жекеменшік мектепте қол жұмсамақ болған оқушы қыз әлі де ауруханада жатыр, жағдайы қалыпты. Бұл туралы Алматы бойынша балалар омбудсмені айтты.
«Мен қыздың әкесімен байланысып отырмын, психологиялық көмек ұсынылды. Аталған іс бойынша Алматы білім басқармасында мониторинг тобы құрылған, сондай-ақ тергеу ісі жүргізілді. Барлық жағдай талқыланып жатыр. Тексеріс біткенге дейін қауесет, жалған ақпарат таратпауды, үшінші тұлғаларға айып тақпауды өтінемін», – деп жазды Диана Ерлан.
Болған іске қатысты тергеу ісі қозғалды. Алматы білім басқармасының мәліметінше, қазір прокуратура өкілдері, полиция, денсаулық сақтау басқармасының, Психологиялық көмек Орталығының, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің өкілдері жұмыс істеп жатыр.
«Анасы жасөспірім қызына Психологиялық орталық мамандарының көмек беруіне келісті. Баланың жағдайы бақылауға алынды», – деп хабарлайды білім басқармасынан.
Сондай-ақ психологтар мектептегі оқушылар арасында құпия сауалнама жүргізіп, жекелеген сыныптастармен әңгіме жүргізбекші.
Еске салайық, 28 қаңтарда кәсіпкер Қанат Әміркеннің жекеменшік QIS мектебінде оқитын оқушы қызы өзіне қол салмақ болды. Әкесінің сөзінше, қызына сыныптастары буллинг жасаған, бірақ мектеп мұғалімдері оны тоқтатуға еш әрекет жасамаған.