2026 жылы қазақстандықтардың табысы қаншаға өседі – сарапшылар болжамы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) 2026 жылға арналған жаңартылған макроэкономикалық болжамын ұсынды. Инфляцияның жоғары деңгейі салдарынан сарапшылар халықтың нақты табысының өсу қарқыны баяулайды деп есептейді.

Жалақы қалай болады

Қазан айында AERC сарапшылары өз шолуында, 2026 жылы халықтың номиналды ақшалай табысы жылдық есеппен 14,1%-ға өседі деп болжаған болатын. Бұл көрсеткіш жаңа есепте де өзгеріссіз қалды.

«2026 жылы халықтың номиналды ақшалай жалақысының өсу қарқынына қатысты алғышарт сақталғандықтан, болжам қазан айындағы шолумен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Алайда 2026 жылға арналған инфляция болжамының нашарлауына байланысты халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны жылдық есеппен 4,8%-дан 3,7%-ға дейін төмендеді», – делінген құжатта.

Инфляция қандай болады

Өткен жылдың соңында инфляция сарапшылар күткен деңгейден 0,4 пайыздық тармаққа төмен болып, жылдық есеппен 12,3%-ды құрады. Қазіргі инфляция динамикасы мен баға қысымының құрылымын ескере отырып, AERC 2026 жылға арналған орташа жылдық тұтыну инфляциясы бойынша болжамын 8,6%-дан 9,5%-ға дейін қайта қарады.

2026 жылға арналған орташа жылдық өнеркәсіптік инфляция 4,5% деңгейінде болжануда. Осыған байланысты ЖІӨ-нің орташа жылдық дефляторы 10,5% болады деп күтіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда соңғы бес жылда өмір сүру құны шамамен 75%-ға өсті. Бұл халықтың өмір салтына тікелей әсер етті. Көбі әдеттегі шығындардан бас тартуға, демалысты кейінге қалдыруға және несиеге өмір сүруге мәжбүр болуда.

Сондай-ақ оқыңыз