1 ақпаннан бастап сыра бағасы қымбаттайды

Қазақстанда сыра өнімдері нарығында ірі өзгерістерге дайындық жүріп жатыр. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап елде бұл өнімдерге міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі.
Жаңа талаптар өндірушілерге, импорттаушыларға және бөлшек сауда өкілдерінің барлығына – шағын дүкендер мен минимаркеттерден бастап, кафе, барлар мен мейрамханаларға дейін қатысты болады.
Бұл жаңашылдық сыра өнімдерінің өндірістен бастап соңғы тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етуге бағытталған.
Таңбалау қашан және неден басталады
Міндетті цифрлық таңбалауды енгізу бірнеше кезеңмен жүзеге асады.
- 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап осы күннен кейін өндірілген бөшкедегі (кег) және бөтелкедегі сыра мен сыра өнімдері міндетті түрде Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс.
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талап темір құтыдағы (банкадағы) сыраға да қолданылады. Осы кезеңде тауардың айналымы толықтай цифрлық жүйе арқылы қадағаланып, өнімді беру мен қабылдау құжаттары ақпараттық жүйеде рәсімделеді.
Неге тыйым салынады
2026 жылғы 1 ақпаннан кейін таңбаланбаған сыра мен сыра өнімдерін өндіруге және импорттауға тыйым салынады. Бұл күннен кейін шығарылған, бірақ таңбаланбаған өнім заңды түрде нарыққа шығарыла алмайды.
Сонымен қатар бизнес үшін өтпелі кезең қарастырылған. Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген таңбаланбаған сыра өнімдерінің қалдықтарын бір күнтізбелік жыл ішінде сатуға рұқсат беріледі. Бұл кәсіпкерлерге жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді.
Кімдерге дайындалу қажет
Жаңа ережелер сыраны бөлшек саудада сататын барлық нысандарға қатысты:
- дүкендер мен минимаркеттерге;
- үй маңындағы сауда нүктелеріне;
- барлар, кафе мен мейрамханаларға.
Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі ақпараттық жүйеде алдын ала тіркелуі тиіс. Бұл жүйеге тіркелмеген жағдайда таңбаланған өніммен жұмыс істеу мүмкін болмайды.
Бөлшек сауда үшін қандай талаптар қойылады
Жаңа тәртіпке ауыртпалықсыз көшу үшін бизнес өкілдері бірқатар дайындық жұмыстарын жүргізуі қажет.
Ең алдымен, таңбалау жүйесінде тіркелу керек. Одан кейін кассалық жабдықтарды таңбаланған тауарлармен жұмыс істеуге бейімдеу талап етіледі. Сонымен қатар Data Matrix кодтарын оқи алатын 2D-сканер немесе осы функцияны қолдайтын веб-касса қажет болады.
Таңбаланған тауарды қабылдау бұрынғыдай ілеспе құжаттар арқылы жүзеге асады. Қабылдау кезінде жүйеде растау міндетті емес.
Негізгі өзгеріс кассада болады: сыра сатылған кезде Data Matrix коды сканерленіп, өнім автоматты түрде айналымнан шығарылады.
Бағасы неге қымбаттайды
Осы өзгерістердің салдарынан сыра өндірісінің өзіндік құны орта есеппен 8–12 пайызға өскен.
Таңбалауға қажетті жабдықтарды сатып алу, бағдарламалық қамтамасыз ету және әкімшілендіру шығындары өнімнің соңғы бағасына қосылады. Осылайша, жаңа талаптардың салдары тұтынушылар үшін сыра бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Мемлекетке бұл не үшін қажет
Міндетті цифрлық таңбалау сауда қызметін реттеу туралы заңнамаға және Қаржы министрлігінің таңбалауға жататын тауарлар тізбесін бекіткен бұйрығына сәйкес енгізіледі.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – нарықтың ашықтығын арттыру, заңсыз өнім айналымымен күресу және адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғау. Мұндай жүйелер қазірдің өзінде басқа тауар санаттарында қолданылып келеді және біртіндеп жалпы стандартқа айналып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін 1 ақпаннан бастап Қазақстанда мотор майлары күрт қымбаттайтыны туралы жазған едік.