Актриса Алмагүл Сағындық неге біраз уақыт Балиде тұрып келгенін айтты

Жарияланды 31 Қаңтар 2026 17:45

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: instagram

Жас актриса әрі тележүргізуші Алмагүл Сағындық «Сыр» подкасына қонақ боп барды. Махаббат, қарым-қатынас туралы ашық талқыланатын бұл жобада актриса жаңа қырынан ашылып, көзқарасымен көпшіліктің оң бағасын алды. Сондай-ақ, неге Балиде қыстап келуді шешкенін де әңгімелеп берді.   

Алмагүл былтыр қысты төрт айға Оңтүстік-Шығыс Азияда өткізген. Соның ішінде Индонезияның Бали аралында тұрып келген.

«Өткен қыста жылы жаққа ұшып кеттім. Ешқандай жұмыспен бармадым. Осы жақтағы бүкіл шаруамды тастап, тыныштық іздеп кетіп қалдым. Өзімді, өмірімді бір шабаданға жинадым да, кеттім. Әзірге басым бос болғасын солай өмір сүргім келді. Жүрегім қай жаққа тартып тұрды, сол жаққа кеткім келіп, ойланбастан сондай шешім қабылдадым» деді ол.

Жүргізуші Ғалымжанның «жүрегіңіз қазір қай жақта, нені қалып жүр?» деген сұрағына актриса қайтадан Балиге барғысы келіп жүргенін айтты. Әзіл-шыны аралас диалогта Алмагүл «егер қаржылай жағынан мойныңа алсаң, сенің тыныштығыңды мен мойныма алам» деп Ғалымжанға қарсы жауапты төтесінен айтты.

Жобаның форматы бойынша резиденттер – ерлі-зайыпты Дидар мен Жансая отбасылы адам ретінде талдаса, Ғалымжан бойдақтардың көзқарасымен талқылайды. Қонаққа келген басы бос қыздарды да Ғалымжанға қосып, әзілдейтіні бар. Бұл жолы да Алмагүл мен Ғалымжанның басы қосылса қандай жұп болар еді деген ой тасталды. Екеуінің подкаста әзілдесіп, қағытпа қалжыңмен тілдескендері жараса кетті.

Шығарылымға қатысты жазылған пікірлердің ішінде:

«Жазира Еркін далада жолда қалды. Ал, Гала, Алмагүлмен бірдеңе шықпаса, саған хейт көбейеді», «Осы сендер подкаст деп қыздарды Галаға таңдап жатқан жоқсыңдар ма» деп жазып жатыр.

Сонымен бірге актрисаның айтқан ойлары мен көзқарасына да тамсанғандар аз емес.

«Алмагүл жаңа қырынан ашылды. Маған қатты ұнады. Сөз саптауы, ой-өрісі терең екен. Керемет актриса, шығармашылық табыстар тілеймін» деп жылы лебізін білдіріп жатыр оқырман.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін рейтиңі жоғары Youtube-жобаларға шолу жасаған едік.  

Сондай-ақ оқыңыз