
Бүгін, 31 қаңтарда Australian Open турнирінің әйелдер арасындағы жекелей сындағы финалдық кездесуі өтеді. Шешуші матчта қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 5-орын) мен әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенко өзара мықтыны анықтайды.
Рыбакинаның финалға дейінгі жолы
Елена Рыбакина Australian Open-2026 турнирінде сенімді ойын көрсетіп, финалға дейін бірде-бір сетте жеңіліс көрмеді. Алдыңғы ойындарда келесі қарсыластарын ұтты:
- Кайя Юван (WTA №100) – 6:4, 6:3
- Варвара Грачева (№77) – 7:5, 6:2
- Тереза Валентова (№54) – 6:2, 6:3
- Элизе Мертенс (№21) – 6:1, 6:3
- Ига Швёнтек (№2) – 7:5, 6:1
- Джессика Пегула (№6) – 6:3, 7:6
Соболенконың нәтижелері
Әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко да финалға дейін сенімді жетті. Турнир барысында мына теннисшілерден басым түсті:
- Тьянцоа Ракотоманга-Ражана (№118) – 6:4, 6:1
- Бай Чжосюань (№702) – 6:3, 6:1
- Анастасия Потапова (№55) – 7:6, 7:6
- Виктория Мбоко (№16) – 6:1, 7:6
- Ива Йович (№27) – 6:3, 6:0
- Элина Свитолина (№12) – 6:2, 6:3
Финалды қайдан көруге болады
Рыбакина – Соболенко матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 13:30-да басталады. Финалды тікелей эфирде келесі сілтеме арқылы көруге болады.
Рыбакина мен Соболенко арасындағы жеке кездесулер
Екі теннисші арасындағы бәсеке 2019 жылы Ухань турнирінде басталған. Сол кезде үш сетке созылған матчта Арина Соболенко жеңіске жеткен еді. Беларусь спортшысы алғашқы төрт кездесуде қатарынан басым түсіп, соның ішінде Australian Open-2023 финалында да жеңіске жетті.
Алайда соңғы жылдары таразы басы Елена Рыбакинаға ауып отыр. Қазақстандық теннисші Соболенконы: Индиан-Уэллс турнирінің финалында (2023), Брисбен турнирінің финалында (2024), WTA Қорытынды турнирінде (2025) жеңіп шықты.
Еске сала кетейік, бүгін жұптық сында қазақстандық теннисші Анна Данилина финалда жеңіліс тапты. Ал жастар арасында Заңғар Нұрланұлы жарыс жолын жартылай финалдан аяқтады.