Сөз бостандығы: Жаңа Конституция жобасына қандай өзгерістер енгізілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Конституция
фото: gov.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне қояды. Бұл идея Негізгі заңның бүкіл мәтініне арқау болып, оның басты қағидатына айналмақ.

Кеңейтілген кепілдіктер мен жаңа қорғаныс тетіктері

«Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» бөлімі халықаралық стандарттарға – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, халықаралық пактілер мен Қазақстан ратификациялаған өзге де құжаттарға сүйеніп әзірленген. Соның нәтижесінде жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтардың тізбесі кеңейіп, оларды қорғау тетіктері күшейтілді.

Жобаға бірқатар іргелі кепілдіктер енгізілген. Атап айтқанда, өмір сүруге абсолютті құқық, жеке тұлғаның қолсұғылмауы, цифрлық дәуір жағдайында дербес деректерді қорғау, сондай-ақ ұсталған азаматтарға өз құқықтарын түсіндіруді міндеттейтін «Миранда ережесі» бекітілген.

Сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік және әйелдер мен балаларды қорғау

Құжатта сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, зияткерлік меншікті қорғауға ерекше мән берілген. Сонымен қатар, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі.

Жоба білім беру жүйесінің зайырлы сипатын, діннің мемлекеттен бөлінгенін нақты бекітеді. Неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалады.

Адам капиталы – мемлекеттің басты байлығы

Адам құқықтарын қорғау мен адам капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары ретінде белгіленген. Жобада білім беру, ғылым және инновация салалары ел дамуының басты бағыттары ретінде көрсетілген.

Ашық форматтағы жұмыс нәтижесі

Жаңа Конституция жобасы ашық форматта жұмыс істеген Конституциялық комиссияның қызметінің нәтижесі болды. Комиссия отырыстары онлайн режимде тікелей көрсетіліп, талқылауларға шамамен 130 адам қатысты. Олардың қатарында депутаттар, заңгерлер, сарапшылар, ғалымдар, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Алты айдың ішінде Негізгі заңның 77 бабына және оның басым бөліміне қатысты өзгерістер әзірленді.

Жаңа Конституция жобасы туралы тағы не білу керек

Жаңа редакциядағы Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Бұл қолданыстағы Конституциядан үш бапқа аз.

Өзгерістердің ауқымын ескере отырып, комиссия бұл тек жекелеген түзетулер емес, іс жүзінде Конституцияның жаңа мәтіні екенін атап өтті. Бұл ұстанымды Қазақстан Президенті де қолдап, жобаны жалпыұлттық талқылауға шығаруды ұсынды.

31 қаңтарда Жаңа Конституцияның алғашқы жобасы жарияланған еді. Құжатпен кез келген азамат танысып, өз пікірін білдіре алады.

Сондай-ақ оқыңыз