
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Теңіз кен орнында мұнай өндіру бойынша өндірістік операциялардың қайта басталғанын хабарлады.
Жедел штабтың мәліметіне сәйкес, бүгін сағат 03:35-те алғашқы ұңғыма сәтті іске қосылды. Қазіргі уақытта барлық технологиялық қондырғылар жұмыс режиміне көшіріліп, штаттық жағдайда қызмет атқарып жатыр.
Бүгінгі таңда бес ұңғыма пайдалануға берілді. «Теңізшевройл» компаниясының техникалық қызметтері келесі топтық өлшеу қондырғысын іске қосуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұнай өндіру көлемін ұлғайту жүйе параметрлері толық тұрақтандырылып, өндірістік процестердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген соң кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін 26 қаңтарда Екінші буын зауыты сәтті іске қосылған еді. Қазіргі уақытта зауыт жұмысы Королев кен орнынан жеткізілетін шикізат есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жобаның жоспарлы қуаттылыққа қысқа мерзімде шығуын қамтамасыз ету мақсатында операторға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
Қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін өндірістік нысандарда Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев тікелей жұмыс жүргізіп жатыр.