Тоқаев Елена Рыбакинаны Australian Open жеңісімен құттықтады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев Рыбакинаны құтықтады
фото: akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны Australian Open турниріндегі жарқын жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы құттықтау жеделхатында спортшының жоғары шеберлігі мен жеңіске деген қайсарлығын ерекше атап өтті.

«Сізді кезекті айтулы спорттық жетістігіңіз – Австралияның ашық чемпионатындағы жарқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз мінсіз техникаңыз бен жеңіске деген ерік-жігеріңізді тағы бір мәрте дәлелдеп, бүкіл әлемдік теннис қауымдастығын тәнті еткен нәтижеге қол жеткіздіңіз. Алдағы уақытта ең беделді турнирлерде толағай табыс тілеймін», – делінген Президенттің құттықтауында.

Еске сала кетейік, бүгін 31 қаңтар күні қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Australian Open финалында әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңіп, турнир чемпионы атанды. Бұл жеңіс Қазақстан теннисі тарихындағы ең ірі жетістіктердің бірі болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз