«Үйде жалғыз қалғанда» фильмінің жұлдызы Кэтрин О’Хара қайтыс болды

Жарияланды 31 Қаңтар 2026 10:12

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Кетрин О хара
фото: shutterstock

30 қаңтарда америкалық-канадалық актриса Кэтрин О’Хара 71 жасында қайтыс болды. Бұл ақпаратты актрисаның агенті растады.

Кэтрин О’Хара көрерменге әлемге танымал «Үйде жалғыз қалғанда» (Home Alone) фильміндегі Кевиннің анасы рөлі арқылы кеңінен танылды. Қарақшылармен жалғыз өзі күрескен кішкентай баланың оқиғасы әлемдік кинодағы ең танымал жаңа жылдық туындылардың біріне айналды.

2010 жылдардың ортасында актриса жаңа буын көрерменінің ықыласына ие болды. «Шиттс Крик» (Schitt’s Creek) комедиялық сериалында басты рөлдердің бірін сомдап, қайтадан танымалдыққа шықты. Сериал миллиардер отбасының банкротқа ұшырап, шағын провинциялық қалаға көшуі туралы баяндайды. Бұл жобада О’Хара бұрынғы танымал актрисаның, басты кейіпкердің жұбайының образын сомдады. Басты ер адам рөлін Юджин Леви орындады.

Кэтрин О’Хара кәсіби актерлік жолын 1970 жылдардың ортасында туған елі Канадада бастады. Комедиялық телешоуларға қатысып қана қоймай, бағдарламалардың сценарийін де жазды. Осы еңбегі үшін 1982 жылы алғашқы «Эмми» сыйлығын иеленді.

Кинодағы алғашқы үлкен табысы 1988 жылы режиссер Тим Бертон түсірген «Битлджюс» фильмінен кейін келді. Алайда оның мансабындағы ең маңызды серпіліс Маколей Калкин басты рөлді сомдаған «Үйде жалғыз қалғанда» отбасылық комедиясымен байланысты. Кейін актриса бұл рөлін «Үйде жалғыз қалғанда 2: Нью-Йоркте адасып қалған» (1992) фильмінде де қайталады.

«Үйде жалғыз» фильмі бүгінге дейін әлемдегі ең танымал картиналардың бірі саналады. Әлі күнге дейін телеарналарда жиі көрсетіліп, стримингтік платформаларда көрермен сұранысына ие.

Сондай-ақ оқыңыз