
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында кезекті нысаналы талаптар есептеледі. Қазақстан Ұлттық банкінің хабарлауынша, 18 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балаларға арналған қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) шоттарына есептелген.
2025 жылғы төлем көлемі
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының 2025 жылғы қорытындысы бойынша әр баланың шотына 130,71 АҚШ доллары аударылды. 2025 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, бағдарламаға қатысушы балалардың жалпы саны 6 918 656-ны құрады.
Айта кетейік, Ұлттық қорды басқарудан түскен жылдық инвестициялық табыс 8,7 млрд АҚШ долларын құраған.
Бағдарлама қалай іске асырылып жатыр
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды.
- 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ доллары,
- 2025 жылы 129,38 АҚШ доллары есептелген еді.
Балаларға бөлінетін жыл сайынғы сома Ұлттық қордың ұзақмерзімді инвестициялық табысының 50 пайызы және қордағы валюта активтерінің көлеміне байланысты айқындалады.
Сонымен қатар, балалардың шотына бұрын есептелген қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қор портфелінде инвестициялана береді. Бұл жинақтың өсуіне және қосымша табыс әкелуіне мүмкіндік береді.
Бір балаға жинақталған сома қанша
Инвестициялық табысты ескергенде, бағдарлама іске қосылған үш жыл ішінде бір балаға жинақталған жалпы сома 370,56 АҚШ долларын құрады.
Бағдарлама аясындағы қаражат пен есептелген сома туралы толық ақпаратпен 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап электронды үкіметтің eGov mobile мобильді қосымшасында және kids.enpf.kz сайтында танысуға болады.