Lifestyle

Қайрат Әділгерей айтыскерлердің арасына «от салды»

Фото: видеодан скрин

Айтыскерлер – Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезханның өнер жолындағы ағасы – Балғынбек Имашпен бірнеше күннен бері батлға шығып жатқаны белгілі. Айнұр Тұрсынбаеваның өзі қосылған дода тарқады ма дегенде актер, әзілкеш Қайрат Әділгерей аламанды қыздырды. 

Кейінгі рет Жандарбек пен Сырым аға-әпкелеріне тоқтау айтып, «Дядька, тоқта» деп жыр арнаған. Көмекке мұқтаж болған Балғынбек Имаш алдыңғы жолы Айнұрды Ыстанбұлдан алдырған еді. Бірақ інілерінің тоқтау айтқан жырына жалғыз жауап қатты. «Жаулап алды махаббаттың» ырғағына салып, екі топқа бөлінсе, «сенің тобың – ЖанСырым, менің тобым – Балшырын, екеуіңе бұл жолы жалғыз өзім қарсымын», – деді. Шал-кемпірмен «қырылған» жастарды сынға алған ол Тұрсынбаеваны тағы да іздеді. Оған қоса, Жандарбектен – котлет, Сырымнан омлет жасаймын деп қорқытты.

Осымен айтыс тоқтады деп топшылаған жұртшылыққа арнап Жандарбек видео салды. Ол жерде әзілкеш Қайрат Әділгерейдің бейнеқоңырау арқылы хабарласып, финалды Республика сарайынан күтетінін айтты. «Үлкендерді сыйлап, жол бере салайық десек, звондап осылай отқа май құйып жатқандар бар. Халық айтсын, дә кәнса ма» деп жазды айтыскер. 

Балғынбектің алдыңғы үркітуіне жас ақындар да қарап қалмай, дереу омлет пен котлет ұстап, жыр арнады. Айнұрсыз жалғыз шыққан Балғынбекке тиісіп, орысша әнге салып, «әй, Балғын, Айнурочкаң где была? Кемпіріңізді өзіңді кинула. Есіл-дертің омлет, котлеты, өлген адам тамақтан это – ты» десті. Айнұрды айтысқа шақырды. Тұрсынбаева бұл постың астына «Жабысып қоймадыңдар шын ғашықтай, жүрсіңдер үлкендермен сыйласып қай? Айтыспасам болмады мыналармен, охранам аман болсын Имашевтай. Қай жерде кездесеміз соныменен, адресті айтыңдар миды ашытпай» деп жазып, жекпе-жекке дайын екенін білдірді. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Жандарбек пен Сырымның коуч пен молдаға тоқтау айтқаны туралы жазған едік.