Бараат түні-2026: қасиетті түнді қалай өткізген дұрыс?

Жарияланды
Бараат түні
фото: ашық дереккөзден

2026 жылы мұсылман қауым Бараат түнін ақпанның басында қарсы алады. Хижра күнтізбесі бойынша Шағбан айының 15-түніне сәйкес келеді. Айдың көрінгеніне қарай әр жылы әр күнге түседі. Оған қоса, нақты күнінде де әр елде айырмашылық болуы мүмкін. Қазақстанда бұл түн биыл ақпанның 2-не келіп тұр. Бұл түнді қалай өткізген дұрыс? Қандай іс-әрекеттер орынсыз деп саналады? Kursiv Media тілшісі Бараат түнін қалай қарсы алу керек деген тақырыпта материал әзірледі. 

Бараат түнінде қандай амалдар жасаған абзал?

Бараат түнін басқаша Ләйләт әл-Бараа, Шәб-е-Бараат деп те атайды. Мағынасы «кешірім түні» һәм «құтылу түні» дегенді білдіреді. Мұсылмандар осы түні Алла пенделеріне ерекше рақымын төгіп, шын тәубе қылған құлдарының күнәсін кешіреді деп сенеді. Оған қоса, адамның алдағы жылғы тағдыры, ризық-несібесі мен сынақтары да осы түні айқындалуы мүмкін деген сенім бар. Сол себепті Бараат түнінде мұсылман қауым көбірек дұға етіп, Құран оқып, жақсы амалдар жасауға тырысады. 

Осындай орны ерек түні мұсылмандар рухани тазарып әрі алда келе жатқан Рамазан айына дайындық ретінде жақсы амалды көбейтуге барын салады. Әр елдің салты басқа десек те, Бараат түнінде жасалғаны абзал ортақ амалдар да аз емес. Соның ішінде мына амалдар бар:

  • Нәпіл намаз оқыған дұрыс. Бұл күнделікті парыз намаздарына қосымша оқылады. Бараат түнінде түннің біраз бөлігін құлшылықпен өткізген абзал. Яғни Құран оқып, дұға етіп, жасаған қателік-күнәсі үшін кешірім сұраса дұрыс болады. Оған қоса, өзі үшін ғана емес, отбасы мүшелерінің де амандығын сұрап дұға қылған жақсы. 
  • Ерлер құптан мен таң намазын жамағатпен оқығаны жақсы. Бірінші кезекте парыз намаздарды оқып, содан соң сүннет және мұстахаб амалдарды орындайды. 
  • Садақа беріп, қайырымдылық жасаған жөн. Мешітке барып берсеңіз де, таныстарыңыздың ішіндегі мұқтаж жанға табыстасаңыз да ерік өзіңізде. Оған қоса қазір банк қолданбаларындағы қайырымдылық бөліміне кіріп, қалаған мекемеңізге ақшалай аудара аласыз. 
  • Күнәдан тазарыңыз. Өзіңізге мәлім күнә істер үшін шын тәубе қылып, оған қоса әлдекімді ренжіткен болсаңыз, кешірім сұраңыз. Сонымен бірге біреуге ренжіп жүрсеңіз де шын жүректен кешірген абзал. Қарыздарыңыз болса, қайтаруға тырысыңыз. 
  • Жақындарыңызға хабарласыңыз. Бұл туыстар арасындағы байланысты жақсартады. Көптен сөйлеспеген достарыңызбен сөйлесіңіз. Ауырып жатқан науқастың көңілін сұраңыз.  
  • Зікір айтыңыз. Бұл түні көбірек зікір қылған жақсы. Яғни Пайғамбарымызға салауат айтыңыз. 
  • Ораза ұстаңыз. Шағбан айының он бесінші күні ауыз бекітсеңіз болады. Күндіз ораза ұстап, ақшам кіргеннен кейін көбірек құлшылық жасаған жөн. 

Бұл түні қандай амалдан аулақ болған дұрыс?

Бұл түн ойын-сауық пен думанға арналмаған. Осыны назардан шығармағаныңыз абзал. Бараат түнінде дастархан басында бос әңгіме айтып, даңғыр-дұңғыр отырыс жасап, көңіл көтеретін іс-әрекеттер жасаған мұсылман баласына жараспайды. Бұл түнде мейлінше көбірек құлшылық қылып, ойланып өткізген дұрыс.  мен көңіл көтеру іс-әрекеттері түннің рухына қайшы келеді. Бұл түні адам бар назарын құлшылық пен ой толғауға бағыттауы қажет.

Өсек, өкпе-реніш, ашу дегенді ысырып қойыңыз. Күнәлі істен аулақ болу керегі онсыз да белгілі. Кей ғалымдар туысқандармен араздасып, әдейі ренжітсеңіз, құлшылығыңыздың қабыл болмауы мүмкін дейді. Сонымен бірге рия үшін яғни сырт көзге көрсету мақсатында ғана құлшылық қылудан сақтаныңыз. Бұл жерде адамның шынайы ниеті мен ықыласы маңызды. Жүректен шықпаған құлшылықтан пайда аз.  

Бараат түнінде дін тарапынан міндетті түрде жасалуы керек деген рәсім жоқ. Бәрі адамның еркіне беріледі. Яғни арнайы дұға не намаз түрлері қарастырылмаған. Әйтсе де, нәпіл құлшылықты жасауға еш кедергі жасалмайды. Жасауға болмайтын әрекеттер қатарында басқаға зиян келтіру де бар. Бұл дегеніміз әділетсіздік қылу, айтқан сөзде тұрмау, өтірік айтып алдау сынды әрекеттерден аулақ болыңыз. Бараат түнінің рухани мәніне немқұрайлы қарамаған жөн. Сол себепті тыныштықта, дұға етіп, кешірім тілеп өткізуге кеңес береміз. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Оразада жасалуы керек амалдар туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз